Қарапайым тілшінің қарапайым тірлігі
Медиа-алаңда Самат Нарегеев есімді журналист әріптесіміз бар. Өзі Ақтөбенің тумасы. Жергілікті жерде облыстық басылымда қызмет етті. Қызмет етті деген себебіміз, Самат екі жыл бұрын тілші куәлігі мен қаламын тастап, құрылысқа біржола кеткен-ді. Журналистикадан кетіп жатырмын деп өзі пост жариялағанда, «қап, енді қалай болар екен» деп сырттай уайымдап қалған аға-апалары аз болған жоқ деп ойлаймыз. Сол әріптесіміз екі жыл қара жұмысқа жегіле жүріп, су жаңа көлік алып мінетін күнге жетіпті. Бәрі — адал еңбектің арқасы деп ұқтық. Қарапайым тілшінің қарапайым қағидасын бүгінгі постынан оқып, сүйсініп қалдық, несін жасырайық. Осында ала келгенді жөн көріп, автордың қолтаңбасын сол қалпында сақтап қалдық.
...Көптің көкейінде «тез арада қалай мініп алды екен?» — деген сұрақ жоқ емес. Иә, айлықтан айлыққа әрең жетіп жүрген қара халыққа 10 миллион теңге табу оңай емес. Несиенің де сұрауы бар.
Мен бұған бірнеше жыл дайындалдым. Сол үшін айлығы мардымсыз жұмыстан кеттім. Қара жұмыс істедім. Саясатпен араласпадым.(Онымен менсіз де айналысып жатқандар жетерлік қой.)
Ең бастысы арланбадым. Бала кезден сүйекке сіңген кәсіп емес пе? Ерінбедім. Құрылыстың қолдан келгенін жібермедік. Тас қалау, қабырға сылау, шатыр жабу, фундамент құю т.б. жұмыстардың неше түріне бел шешіп кірістім.
Кейбір жігіттер сияқты аузымен орақ орып, поражняк әңгіме айтпадым. Кейбір жігіттер сияқты үкіметті жамандап, жердің, елдің байлығын есептеп, өтірік ақпаратқа ылығып уақыт кетірмедім. Кейбір жігіттер секілді әкімді жамандап, акиматты (сауаты мен өресі жетпесе де) қаралап, надан түсініктің жетегіне кетпедім.
Тек жұмыс істеп тапқанымды қатынымның қолына ұстатумен болдым. Ал қатын ол ақшаны жинады. Оған кірген ақша кері шықпайтын еді. Талай осы мінезі үшін көзі көгеріп, жағы қызарды. Бірақ алға қойған ортақ мақсат үшін бәріне шыдады.
Мен де тек ақша табуды білдім. Адал еңбек, маңдай тердің нәпақасы өз жемісін берді. Бар болғаны 2 жаз құрылыста жүрдім. Міне, осының арқасында көліктің қомақты құнын қолма-қол төлей алдық.
Жігіттер, сәл ақылымды айта кетейін. Дендерің сау, аяқ-қолдарың жұмыс істеп тұрса, азғана айлыққа алданбаңдар. Жұмыстан шықсам аштан өлем деген қасаң қағиданың заманы баяғыда-ақ өтіп кеткен. Құрылыстың табысы біраз жыртығыңды жамайды.
Әсіресе жас жігіттер аузы бастарың сүйреңдеп, қатынша керісіп, бұлданып, үкімет жарылқайды деп уақыттарыңды өткізіп алмаңдар. Үкіметтің жарылқағаны — бейбіт өмір, соғыссыз заманды ұстап тұрғаны.
Егер соғысқа барасың ба әлде қой бағасың ба деген екі таңдау тұрса әрине қу жан үшін атақты шопан боп шыға келесің. Сондықтан жұмыс істеймін деген жанға қазір кәсіп көп. Мен сияқты арланбай қара жұмысқа шыдай білсеңдер 2 жылда тіпті бір жазда су жаңа болмағанымен мәстек қараны мініп алуға болады.
P.S. Не дегенмен, журналист қой, айтар сөзі де анық, ойы да салмақты. Алып-қосарымыз жоқ, әр адам өзіне керегін алар, керек емесін тастар. Өмір — сіздікі. Ал, біз әріптестің ынта-жігеріне сүйсіне отырып, үлкен еңбектің үлгісін көрсете білгеніне ризашылық білдіреміз. Темір тозса да, өзің тозба, Самат әріптес!
@qarzhylyq_sauat